Экономика ғылымдарының кандидаты, «Кулинарная дипломатия» кітабының авторы,
Халықаралық «Kenwood және Delonghi» компаниясының Қазақстан жерінде Елшісі
Өмір кезі
Парасат-пайымы келіскен, өзінің сүйікті ісінен береке тауып, бедел биігін бағындырған, сол абыройлы қызметімен елдің құрметіне бөленіп жүрген Киікова Эльмира Жұматайқызы жайында қалам тербеп, әңгімемізге арқау етпекпіз. Жүзінен жылылық сәулесі нұрын шашып тұратын нәзік болмысты жанның өмір жолына көз тастайтын болсақ, оның әу бастан-ақ жүрегі мейірімге толы, қай ісінде де адамгершілік қолтаңбасы қалған ізгі жан екенін байқайсың. Кәсіп бастаудағы батылдығы, адалдығы, өз ісіне деген жауапкершілігі, дұрыс шешім қабылдай алатындығы, өр де өжет, қайтпас қайсар мінезділігі осы салаға келуіне себеп болды деуге болады.
Экономика ғылымдарының кандидаты Эльмира Жұматайқызы 1977 жылдың 1 тамызында
Алматы қаласында дүниеге келді. Тағдыр желінен қорған болған әкесі Жұматай Ахметұлы мен мейірім шуағы күн нұрынан да жылы анасы Қарлығаш Серікбайқызының аналық құшағында, ата-әжесінің бақытты сәттердің әткеншегінде тербеленіп өсті.
Ойындағысын сөзбен емес, азаматқа тән көзқарасымен, мінезімен білдіретін әкесі қызына әрдайым: «Адамға қиянат қылма, қай істі бастасаң да аяғына дейін жеткіз, жауапкершіліктен қашпа», - деп айтып отыратын. Ал ақ жаулықты анасы үш қыз балаларына аналық бар мейірімін төкті. Отбасындағы әйел адамның рөлін, оның өзін-өзі ұстауын үйретті, адалдықты дәріптеді. Осындай бекзат болмысты кісілердің ғибратты ғұмырын көріп, ұлағатты сөздерін естіп, адамгершілік қасиеттерін әбден бойына сіңіріп өскен қыз отбасын мақтан етеді.
Балалық шағынан бастап Эльмира өте зерек қыз болған. 1994 жылы Алматы қаласында №3 Музыка мектебін және №79 орта мектебін үздікке бітіріп шыққан Эльмира Жұматайқызы сол жылы Қазақ Мемлекеттік Басқару Академиясына оқуға түседі. Кішкентайынан алғыр, қандай істің де шырайын шығарып алып кете беретін жалынды жас жоғарғы оқу орнында да өзінің ұйымдастырушылық қабілеті, білсем, ізденсем деген ой ұшқырлығы мен талап-ізденісінің арқасында белсенді жастардың көшін бастайды. «Казкоммерцбанк» Акционерлік қоғамында 1997 жылы іс-тәжірибеден өткен Эльмира Жұматайқызы Қазақ Мемлекеттік Басқару Академиясының «Халықаралық экономикалық қатынастар» факультетін үздікке бітіріп шығады.
Бұдан бастап қызметтік жұмысы 1998 жылы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Әкімшілік-экономикалық басқару бөлімінде қызметі жоғарылаған Эльмира Жұматайқызы әрдайым білім-біліктілігін көтеріп отырды. Талабы мен қабілет-қарымы, арман-мақсатының арқасында 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Экономика және қаржы бөлімі» бөліміне аспирантуға түседі. Оны оқып жүріп, екі немесе одан да көп несие берушілермен бірігіп, бір келісім шартта несие беруге арналған «Синдикатталған несие» (Синдицированное кредитование) тақырыбында бірінші кітабін жазып шығады.
2003-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік қарыз және несие бөлімінде» мемлекет кепілдік берген несиелер бөлімінің маманы Эльмира осы жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіндегі оқуын бітіріп, «Экономика ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алады.
Қаржы министрлігінде жұмыс істеп жүргенде жаңа жобаларға ерекше құлшынысы болды. Сол жобалардың бірі жаңадан банк ашу жобасы бар еді. Сонымен қатар, «Қазақстандағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеу», «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» Қазақстан Республикасының
Заңын әзірлеу, Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын жүзеге асыруда көптеген жұмыстарды атқарды.
Ғылым дейтін әлемнің, оның ішінде ел көшін ілгері сүйрейтін экономика саласын терең меңгерген Эльмира Жұматайқызы қаржы саласындағы ауқымды жобалардың жүзеге асырылуына белсене араласа жүріп, оқытушылық қызметке келеді. 2000-2002 жылдары Астана қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде «Экономикалық пәндер» және «Менеджмент пен маркетинг» кафедрасының аға оқытушысы болып біраз оқырмандармен теория-практикалық біліммен бөліседі.
2005-2007 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның, Астана қаласының орталық филиалында тұтынушыларға қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманынан бастап, бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. Келесі қызмет баспалдағы «Қазақстан Темір Жол» АҚ-ның Астана қаласындағы «Қаржы институттарымен жұмыс істеу» бөлімінде бірнеше еншілес ұйымдарымен тонның ішкі бауындай етене араласа еңбек етті.
Әрбір адам жан қалауымен жасаймын деген ісінің нәтижесін көріп, тіпті өзі күткеннен де үлкен жетістіктерге жетеді. Бастысы сол нәрсені жасаймын деген адамда ынта мен жігер болуы керек. Мақаламызға арқау болып отырған Эльмира Жұматайқызы міне, сондай жан-жақты ізденімпаз, тынымсыз табанды, ерік-жігері мықты, қайтпас қайсар мінезді, өте еңбекқор жан.
Еңбек еткенге жаратқанның берер несібесі мол. Кім алдындағы кедергіге мойымай еңбектенсе нәтижесін көреді. Өнегелі ісімен айналасына шуақ шашады. Дос-жаранның алдында қадірі артады. Бүгінде еңбегімен еленіп, көркем мінезімен айналасына сыйлы боп жүрген Эльмира Жұматайқызы «Бақытым – отбасым, сүйікті ісім» деген пікірде. Адамгершілік асыл қасиеттерді, бекзат болмысты, отбасы берекесін бірінші орынға қоятын текті жердің қызы.
1998 жылы тұрмысқа шығып, жолдасы екеуі 3 перзент тәрбиелеп өсіріп келе жатыр. Үлкен ұлы Байкен – Еревандағы мектепті алтын медальға бітіріп, қазір IT мамандығында жұмыс істейді. Қызы Жібек – Астанадағы мектепті алтын белгімен бітіріп, осы таңда ұлтаралық аудиторлық компанияда қызметте. Кіші ұлы Мирас – мектеп оқушысы.
Өмірге келген әрбір жұмыр жүректі жанның бойында туған жерге деген құрмет, абырой, мақтаныш сезімдері болады. Топырағына қасиет дарыған туған жерде жырақта жүріп, өзіңнің қазақ екеніңді білдіру, ұлттық болмысыңды дәріптеу, қай жағынан алып қарасың да, әр сөзінен, әрбір ісіне, қимыл әрекетінен адами асыл қасиеттердің менмұндалап тұрған елдің ұл-қызы екеніңді өзге мемлекттер алдында дәлелдеу – үлкен абырой. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы бір абырой мінберінен көріне білді десек, артық айтқандығымыз емес.
Эльмира Жұматайқызы жолдасының жұмыс бабымен 2009 жылдан бастап 2012 жылға дейін өзге елде жүріп-ақ, ел бірлігін ойлаған елшілердің отбасыларының ортасында жүріп, текті елдің, әділдік пен адамдықты ту етіп ұстанған елдің қызы екенін көрсетті. Елшілердің, дипломаттардың және шетелдік өкілдердің әйелдері ұйымдасқан үлкен ортада «Халықаралық әйелдер клубына» қазақ елі тарапынан өкілдік етті. Әр елден жиналған елші қауымның ортасында мерейі үстем болып, өзіне берілген елшіліктің, дүйім қазақ елінің сенім үдесінен шыға білді.
Қайырымдылық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Беларусь Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен 2012 жылы «Біз біргеміз» 2-ші шығармашылық кездесу-форумын ұйымдастыруға көмектескені үшін Минск қалалық атқару комитетінің Мәдениет басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Әр елдің тарихи дәстүрлерімен танысып, 2011 жылы халықаралық ұлттық тағамдар туралы «Аспаздық дипломатия» кітабының тұсауын кескен Эльмира Жұматайқызы елшілердің, дипломаттардың және шетелдік өкілдердің әйелдерінің Минск халықаралық әйелдер клубының қайырымдылық қызметіне қосқан үлесі көп. Осы жобаға Беларусьтан ғана емес, 40 астам елдің әйелдері қатысқан.
Одан әрі клубтың веб-сайтын құру жұмысын, мерейтойлық бейне дайындаған үшін елшілердің, дипломаттардың және шетелдік өкілдердің әйелдерінің Минск халықаралық әйелдер клубының Төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Асхана – қазақ қыздары үшін ешқашан бөгде жер болған емес. Экономика саласымен қатар, аспаздық саласының қыры мен сырын жетік меңгерген ол ағайын арасында Эльмира беделді де сыйлы болды. Өзінің жібектей мінезімен, уәдесіне беріктігімен көпті баурап алатын қасиетімен жанына жақсы мен жайсаңнан дос жинай білді. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын тындырымды жанның тағы бір жақсы қыры – адамды бөле жармайтындығы.
Үнемі ғылыми ізденіс үстінде болған Эльмира Жұматайқызы 2011-2012 жылдары «The Open University» Ұлыбритания оқу орнынан «Менеджмент» мамандығын кәсіби меңгеріп, МВА «Стратегия» дәрежесіне ие
болды. Ал 2013-2017 жылдары Беларусь елінде «International Institute of Management Link» бағдарламасы бойынша «Операциялар және өзгерістерді басқару» менеджмент және маркетинг жолында рұқсат берілген Сертификатты еншіледі.
Қызметте болсын, басқа өзінің сүйген ісін жасауда болсын қашанда қоршаған ортаның назарында болған Эльмира Жұматайқызы 2018 жылы өткен Бірінші Республикалық «Асыл ана Астана» байқауына қатысып, «Аспаз ана» номинациясының жеңімпазы атанып, журналдарға сұхбат берді. «Хабар» және «7 арна» жобаларына шақырылған қонақ ретінде қатысып, әртүрлі ұлттардың мәдениеті туралы әңгімелеп, 20-дан астам болған елдерден жеке тағамдарын ерекшелігін жеткізіп келе жатыр. Халықаралық «Kenwood және Delonghi» компаниясының
Қазақстан жерінде Елшісі атағына ие болды. Бұл жобаның ең басты мақсаты – «Kenwood» ас үй техникасымен қолдануын үйрету. Бұған сәйкес 2020 жылы «Ютуб» арнасының оқырмандарына аспаз онлайн-мектебін ашып, Эльмира жас келіншектерге тағам бағдарламаларды әзірлеу сабақтарын жүргізуін бастады. Ал 2024 жылдың шілде айында «Kenwood» басты компаниясының шақыруымен Ұлыбританияға сыйлық сапармен барып келді.
Адам жанын терең түсінетіндігімен де көп арасында дараланып тұрады. Өзімсінген адамды демеп жіберуге ұмтылып тұрады. Жақсылық жасауға жаны құмар. Әрдайым қайырымдылық жасап, мұқтаж жандардың жанына жылылық сеуіп жүреді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға жиі-жиі өткізілетін мерекелік іс-шаралардың тұрақты демеушісі. Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасынан шыққан бірнеше студенттерге аспаз білім алуына үздіксіз көмектесіп, мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін жоғары деңгейде көрсетіп келе жатқан тұлға. Қазақстан бойынша «Қорғау» Қайырымдылық қорына зорлық-зомбылықтан түскен әйелдерге бірнеше жылдан бері Дипломат әйелдер қауымдастығымен бірігіп, көмек көрсетіп келеді.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлын «өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы» деп бекер айтпаса керек. «Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады». Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. Адал еңбек пен адал еңбек ететіндер қашанда бағаланатыны анық. Абай атамыз айтпақшы, егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», - дейді. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген азамат Абайға жүгінсе, жол таппай қоймайды. Дара да, дана ақынның асыл мұрасынан сусындаған адам жаманнан жиреніп, өтірік, ұрлық, бекер мал шашпақ сияқты ұятты істерден бойын аулақ ұстары сөзсіз. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған азаматша да бүгінгі күннің мотиваторы. Адал еңбекті жанына ту еткен ел жақсысының өнегелі ғұмыры көпке үлгі болары ақиқат.
«Біз ерекше кезеңде, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Біз – жоғары білімді Қазақстандық қоғамның бір бөлігіміз. Әрқайсымыз саясатта, бизнесте, ғылымда биік жетістікке жете аламыз. Мұны кәсіпте жүрген әйелдердің жетістігінен-ақ байқауға болады.
Қазір әлеуметтік желіге кіріп қалсаңыз, үйінде отырып-ақ табыс тауып, бірі нан пісіріп, бірі құрақ құрып, өз ісін алға жылжытып отырған әйелдер көп. Олар осы әрекеті арқылы баласын еңбексүйгіштікке, жалқау болмауға баулып отыр емес пе? Өз басым қолынан іс келетін, жаңа бағытта жұмыс істеуден қашпайтын әйелдерді құрметтеймін! Құдайға шүкір, қазір іскер әйелдерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Осындай мүмкіндіктерді пайдалану керек.
ХХІ ғасырда әйел адам үйдің де, түздің де жұмысына үлгеруге қабілетті. Әйел бір орында тоқтап қалмағаны жөн. Әр отбасында әйел мықты, еңбекқор болса, оны көріп өскен балалар да ертең аяғынан тік тұрады. Өз басын асырай алады, қоғамға пайдалы іс жасайды», - дейді Эльмира Жұматайқызы.
Сонымен қатар, ұлттық нақышта 2023 жылы Эльмира Жұматайқызының «KEZ» шоколад бренді ашылды. Тәтті сыйлық арқылы бүкіл әлемге өзіміздің дәстүрлі өнерімізді, музыкалық аспаптарымызды және ерекшілігімізді көрсету ой болды. «Өмір кезі» жаңа шоколад топтамасы – әрбір шаттыққа, қуанышқа және адамның жас шағымен байланысты топтастырылған. Әрбір өмірдің кез келген мерей тойына арналған шоколад жиынтықтары бірнеше топқа бөлініп, тұтынушы назарына ұсынылып, қуаныштарын еселеп келеді. Ал кәсіби денгейді осы жылы халықаралық коучинг білімімен толтырып, жаңа мақсаттардің бірі - трансформациялық оқыту жіргізу.
Іскер жан заман талабына сай үздіксіз іздену мен өзін тұлға ретінде дамытудан бір сәтке де қалыс қалмайды. Үнемі жаңаны үйреніп, жақсыны қабылдап, өзін жан-жақты дамытып отырады. Өзіне қажеттісін алып, іс жүзінде пайдалана да білді. Сондай-ақ, қай салада да талабы басым Эльмира Жұматайқызы жанындағыларды үйіріп алып кететін бастамашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында және ақсап тұрған заманның кейбір тұстарын алға жетелеуде, үлгі етерлік істер атқаруда өзгелерден көш ілгері.
Эльмира Жұматайқызының жұмыстарына сәттілік, отбасына амандық тілейміз!