Егембердиев Берік

Рейтинг:

ТҰҒЫР
 
      Мерке өңірі – қазақ даласы­ның сан ғасырлар үнінен бастау алған, оңтүстігінде Қырғыз Алатауы жаугершілік заманында  «ызғар желдің өтінен» пана болған шұрайлы өлке. Мерке – ел басқарған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлар шыққан өңір. Мерке – тау-тасына табан тіреп тұрып, тарих қойнауына көз салмасқа болмайтын шежірелі аймақ.  Осы өлкеде туып өсіп, өз заманының көзі қарақты тұлғасы Шәріпқұл ата мен болмысы биік Елубай әкенің тәрбиесіне қанығып өскен текті әулеттің ұрпағы Берік Елубайұлы Егембердиевтің тәлімді тәрбие берген ата-анасы жайлы айтар ой толғамдары көпке ой саларлықтай өнегесі мол. Кеңестік кезеңде бір орталыққа бағындырған Одақ тараған кезде, тірлігі тұрлаусыз болған қай салада да, өзінің ел мүддесіне қажет етер өндірістік кәсіпорындар тіршілігін тоқтатқаны анық. Сол қиын қыстау шақта, талауға түсірмей сақтап қалған, өзінің өміршеңдігін ел тәуелсіздігінде де жалғасын тауып, жоғары деңгейге көтерілуіне сеп болған Елубай Шәріпқұлұлы  «Меркі- Ет» ЖШС- і халал ет шығару комбинатының негізін қалады. Бүгінде, әке ізін жалғастырып, «Меркі-Ет» ЖШС-і халал ет шығару комбинатының директоры, ҚР Президентінің «Құрмет грамотасының»,  ҚР «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісінің иегері, №15 сайлау округы бойынша,  6-шы шақырылған аудандық мәслихатының депутаты Берік Елубайұлы комбинатты әлемдік деңгейге таныта отырып, еңбегімен елге танылған тұғыры  биік, елге сыйлы ерен тұлға әкесі туралы сыр шертеді.
      Сөз басы
      Қандай да бір жетістікке жетсем, көз алдымда күлім қағып, әкемнің нұрлы жүзі тұрады. Қасыма келіп, құшақтап, арқамнан қаққандай ұлы сезімде боламын. Бұл – сірә, әке мен баланың арасын жалғаған ерекше бір күш, алапат сезім, зор сенімнің нәтижесі болса керек-ті.
      Адам баласы үшін оның зор жетістікке жетуі – ата-ананың перзентіне деген махаббатының  себепкері.  Біреулер түсінер, біреулер түсінбес. Өмірге келген соң, сол ізгі сезімнің, құдіретті күштің таңғажайып ғаламатын сезініп, әрбір сәтте тек атаның ғана емес, елдің мақтанышы болуға стимул сыйлайды, ерекше серпін береді. Бала ес білер шағында-ақ, сол мейірімнің шуағына шомыла өссе, онда береке, бірлік, ұлылықтың да ұясына барар жолды өзі-ақ табады. Менің өмірдегі ұстанымым да – осы. Өйткені, ең ұлы сезім осындай болмақ.
      Біз – бауырлары қысылса, қолтығынан демеп, сүрінсе, сүйеніш болуды санаға нықтап сіңірген, бірлікті ту етіп, адалдықты әркез алдыңғы орынға қойған отбасының баласымыз. Бүгінгі күн ертең қайтып келмейді, сондықтан «бүгін қателеспеу керек» деген ұстанымды үлгі еткен ұлмыз. 
      Әкем үнемі: «Балам, атақ-даңқ, байлық, дүние дегенің – қуғанға жеткізбейтін, қашқанда бітетін нәрсе. Маңдай теріңмен еңбек ет. Шыңға шық. Сонда әлгі айтқандарым саған өзі-ақ келеді. Бастысы, тұғырдан тайма!» – деп ескертіп отыратын. Әкемнің осы сөзі әрдайым жадымда болды. Мен шыққан шыңымнан төмен қарағанда, бала күнім, қай жерден қалай шыққаным көз алдыма келеді. Тұғыр деген сөз – мен үшін адамдықтың биік шыңы. Ал сол шыңнан құласаң, қайта шығу қиын. Оған,тіпті, тұтас өмірің кетуі мүмкін. Алла берген ғұмырда сол тұғырға қайта шыға алмауың да ғажап емес. Сондықтан әкемнің ұлағатты «адам бол» деген ұлы ұғымын санама сәуле етіп алдым. Ол ешқашан есімнен шыққан емес.  
      Талпынған жетер мұратқа...
      «Әулеттің ғана атын шығарамын» – деп еңбек қылсаң, отбасы – ошақ қасынан шыға алмағаның ғой. Әкем Елубай қай баласын болмасын, әрдайым өзгенің кеудесінен итермей, үнемі кешірімшіл болуды, айналаға қол ұшын соза жүруді үйретті. Бізді соған баулып тәрбиеледі.
      Тау тұғалы әкем Елубай Шәріпқұлұлы – бастаған ісін ешуақытта орта жолда қалдырмайтын жан болатын. Оның осы мінезі басқалардан бөлектеп тұрушы еді. Бала күнімізде асқар тау тұлғаның тәрбиесін ала жүріп, түйгеніміз ғой. Әркез адалдық туралы айтатын оның болмыс-бітімі де соған үндесетін. «Біреуді тәрбиелегің келсе, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген атам қазақтың тәмсілі де үлгілі болу қажеттігін айтса керек. Әкемнің болмысы, жүріс-тұрысының өзі үлгі болатын. Біздің азаматтық болмысымыз – міне, соның жемісі.
      Елдегі ет комбинаты тұралап, жұмысы жүрмей, ұсқыны қашқан шақ еді. Көп адам ғимаратты иеленбек түгілі, еңбекке жаны қастар,тіпті, тақырып етіп айтпайтын, сонадайдан қашатын. Өйткені, оның зейнетін көру үшін, алдымен біраз уақыт бейнеттену керек еді. Ауыр жұмысты кім қалайды дерсіз?! Ал, комбинаттың сол уақыттағы куәгерлері әкеме: «Өзіңе бейнет қылмай, жауып тастасаңшы», –  деп ақыл айтты. Ондайлардың қарасы қалың еді... Әкем алған беттен қайтпайтын қайсар жан болды.
      «Көз – қорқақ, қол – батыр» деді де, іске білек сыбана кірісіп кетті. Оның қажыр-қайратына өзгелер таңдана қарайтын. Талай жанның қолынан келмейтін алпауыт тірліктің басын шалып, аяқсыз қалдырмай, аса маңызсыз жұмыс болса да, соңына дейін жеткізеді. 
      Атам Шәріпқұл мен әжем Бүбішай – өте қарапайым жандар еді... Атамның туған жері  – Қырғызстан жеріндегі Вознесеновка. Ол өмір бойы мал баққан, шаруа адамы болды. Нағыз еңбектің майталманы. Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген азамат. Әжем қай сәтте де оның бастамасын қолдап, үнемі жанынан табылады. Отбасында өнегелі тәрбиенің ұясындай алтын бесіктің негізін қалаған жан. Ері түзде жүрсе, ол үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен айналысты. Он жеті жасында шаңырақ көтеріп, бірер жыл колхозда еңбек еткен. Әйтсе де, кеудеде тұтанған тарихи Отанға деген махаббат оны ұшы-қиырсыз атырапқа алып келеді. 
      1961-1962 жылдары Қазақстанның «Қазақстан» деп аталатын колхозына қоныс аударған ата-әжем елге еңбек ете бастады. Бұл уақытта мен әлі жарық дүние есігін ашпағанмын. Елдегі еңбек жолын әкем кәдімгі ЗИЛ жүк көлігінің жүргізушілігінен бастады. Транспорт мекемесіндегі бұл қарапайым қызметі кейіннен гараж меңгерушілігіне жалғасты.
      Әкемнің бойындағы ерекше қабілеттерді байқаса керек, жауапкершілігі мен табандылығын байқаған басшылық әкемді онан сайын жауапты жұмыстарға тағайындай береді. Өйткені, қайсыбір жанға болмасын жұмысының жүйелі жүргені, мамандарының тапсырманы мұқият орындағаны маңызды. 
      Меркі ауданының орталығында орналасқан 140-150 автөкөлігі бар «ТрансСельхозТехника» мекемесінде 1978-1985 жылдар аралығында эксплуатациябасшысы қызметін атқарады.
      Бұл күнгі ет комбинатының құрылысы басталған шақта, әкем әрбір кесегіне дейін атсалысты. Оның іргетасын қалаудағы еңбегі жоғары. Кез келген мекемені салмас бұрын басшысын тағайындап, оны құрылысынан бастап араластыратын еді. 1986 жылы әлі де салынбаған комбинаттың басшысы болып, өзі кірісіп кетті. 
      Жұмыс қызу қарқын алды. Құрылыс бітуге тақаған уақытта ортаға әлдекімдер араласып, мүлдем танып-білмейтін бір азамат директор болды да шыға келді. Әкемнің есіл еңбегі-ай дедік біз! Ақиқатын көріп тұрып, әділдігін қалыптастыра алмағаннан қиын нәрсе жоқ шығар?! Алайда, әділдік қашанда орын алады. Өзінің ішінен шыққан баласындай боп кеткен комбинатқа араға екі-үш жыл салып, әкем директор болып тағайындалды. 
      Ел басына қиын қыстау күндер келді. Жалақы беруге жағдайы келмей, көптеген мекеме жұмысын тоқтатты. Көпшілігі банкрот болды. Әрбір өңірге де таңсық дүние емес. Талай орындар жекешеленіп кеткен кез еді ғой. Осы тоқырау жылдарында әкем комбинатты өз күшімен ұстап қалды. Жекешелендіргенмен, жұмыс бұрынғыдай жақсы болмады. 1993 жылдары жұмысын жүргізіп, ұзамай қайта тоқтады.
      Тарихты қалыптастыратын тұлғалар ғой. Әкем сол комбинатты аяғынан тұрғызу үшін зор еңбектенді. Рас, өмірдің ащы шындығы: талайлардың іші қызғаныштан күйіп жүрді. Бәзбіреулер осы комбинат үшін жанжал шығарып, қоқан-лоқы да жасаған кездері болды. Онда да үлкен-үлкен басшылар, ірі-ірі атышулы жігіттер араласты. 
      Сол комбинат оның өміріндей еді. Әрбір кірпішінің қалай қаланғанын білетін әкем өзіне ыстық дүниенің тоз-тозы шығып, қирап жатқанын көргісі келмеді. Өмірін осы істі нықтауға арнап, 2000 жылға дейін түрлі кәсіппен айналысты. Оның жүрген жолында, өмір өткелдеріндегі қиындықтарына біз қарсы төтеп бере білдік деп ойлаймын. 
      2006 жылы мемлекеттен көмек, банктен несие алып, Германиядан жаңа құрылғылар  әкеліп, жаңа заман талабына сай, ет комбинаты кешенін құрады. Ол жерде ет өнімдері шұжық, тағы басқа да дайын өнім жасап, шет ел экспортына шығуға дайындады. Сұрқы қашқан ғимаратты жөндеуден өткізіп, ой-шұқырын тегістеді. Жаңа заманға сай етіп, барлық қажеттіліктерімен қамтыды. Жан-жаққа шығып, жаңа құрылғыларды алдырды. Оны орнатып, комбинатты іске қосты. Сондағы оның қуанышын көрсеңіз ғой...
      Әкем «Меркі-Ет» ЖШС-і халал ет шығару комбинатын екінші рет іске қосқанда да, қасынан табылып, барлық жұмысты көзбен көріп жүрдік. Әкенің ізін жалғайтынымды ол уақытта сезбесем де, әкемнің «хабардар бол» деген ақылының айналасында жүріп, барлық істің барысымен танысатынмын. Өйткені, менің отбасымның алға қойған мақсаты да, мүддесі де әрбіріміздің тағдырымызбен үндес еді. Біз ешқашан бір-бірімізді бөлектеп қараған емеспіз. Жеке-дара тұлға болғанымызбен, бойымызда тасып-тулаған тектіліктің қаны бізді бір арнаға тоғыстырады емес пе?!
      Үнемі істі ақырына дейін жеткізетін әкеме бұл жолы қатал тағдыр кедергі болып, жолын кесті. 2007 жылы ақырғы демін алып, асқар тау бәйтерегім мәңгілік мекенге аттанып кете барды. Ал оның ісін жалғау – менің мойнымдағы міндет еді. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деп, біз де білек түріп, ата-ананың ақылын санамызға  сіңірдік. Құқық қорғау органының қызметкері ретіндегі қызметтік формамды шешіп, кәсіпкерлік саласының қайнаған қазанына сүңгідік те кеттік.
      2007 жылы 19 сәуірде әкем ет комбинатын ашамын деп тұрғанда, Қырғызстанның Қара Балта деген жерінде ауруханада қайтыс болды. Өзі еткен еңбектің нәтижесін көріп, бақытын сезіну пешенесіне жазылмаған екен.
      Әкем өмірден өткен соң ақылшымыз да, арқа сүйеріміз де аяулы анамыз Сара қажы Ақтайқызы Егембердиева болды. Анам 1943 жылы Қырғызстан Республикасы Калинин ауданы Новониколаевка ауылында дүниеге келген. Қырғыз мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1992 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін, ұстаздық қызмет атқарды.
      Анамның тұтас болмысы көп адамға үлгі болды. Ол мұсылмандық жолын ұстанып, бес уақыт намазын қаза қылмаған жан. 1997 жылдың 8-22 сәуірі аралығында қасиетті Мәдина (8. ІV-13. IV), Мекке (14. IV-22. IV) қалаларында болып, қажылықтың барлық парызын орындап қайтты.
      «Әке» деген асқар тауым құлағалы, менің бір ғана ақылшым, ол – анам. Асыл анам мен үшін алынбас қамал да, қирамас қорған да, оқ өтпес қалқан да бола білді. «Әкемнің бастаған ісін аяғына дейін жеткіземін» деп тыраштанғанда да батасын беріп, тілеулес болып отырған ақ жаулықты анам. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп, көп адам жақын-жуығының қадіріне бойлай бермейді.  
      Бес саусақ болып жұмылған
      Біз – бес ағайындымыз, мен – үйдің екінші ұлымын. Ата-анам берген тәлімді тәрбиенің жетегінде, өсіп-өнген өнегелі ұлмыз. Үйдің үлкені – Ерік ағам. Жоғары білімді заңгер, алайда қазір жеке кәсіпкерлікке ауысты. «Меркі» ауданындағы «Дархан» астық қабылдау кәсіпорнының директоры. Әкемнен мирас боп қалған алған беттен қайтпайтын қайсар мінезі, осы ағамның да бойына сіңген. 
      Зайыбы – Егембердиева Фатима Қазақ мемлекеттік технологиялық институтын бітірген, мамандығы– инженер-технолог. Отбасында 3 қыз, 1 ұлға ата-ана болып, тәлімді тәрбиемен сусындатып отырған үлгілі отбасы.
      Үйдің екіншісі – мен. Жоғарыда айтып өткендей құқық қорғау органдарында еңбек еттім. Қарағанды Жоғары милиция мектебін тәмамдағанмын. Подполковник шенім бар. Ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы лауазымды қызмет атқардым. 
      Өмірлік жарым, балаларымның анасы, анамның асыл келіні Мадина Егембердиева – Қарағанды мемлекеттік кооперативтік институтын бітірген. Мамандығы – бухгалтер-экономист. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп, екі ұл, екі қызды өмірге әкеліп, қолдан келгенше тәрбиелеп жатырмыз. 
      Үшінші ұл – Ермахан. Алдыңғы ағамыз заңгерлікке, мен милиция мектебіне барсам, оның мамандығы да сол аумақтан алыс болмасы анық. «Алма ағашынан алыс түспейді» деп, ол да Алматы милиция мектебін бітірген. Қазіргі күні «Дархан» астық қабылдау кәсіпорнында еңбек етеді.
      Бір ұл, екі қызды өмірге әкеп, инабатты келін болып отырған жары Гүлжазира Ибрагимова – Шымкент мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған. Мамандығы – провизор. Бүгінде өз мамандығы бойынша еңбек етуде.
      Ермаханнан кейінгісі – Нұрмахан. Ол – анам тәрізді қажылыққа барып, парызын өтеді. Қазақ мемлекеттік зоотехникалық-малдәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер.
      Зайыбы Дина Егембердиева – Меркі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында дәрігер. Нұрмахан  мен Дина есімді  ұл, қыз өсіріп отырған үлгілі жанұя.
      Үйдің кенжесі Нұрлан мен жары Сымбатты мезгілсіз ажал арамыздан жұлып алды да кетті. Амал нешік?!.. Артында мұңайып біз қалдық. Әлі өмірді сүріп үлгермеген жан еді. 1993 жылы жол апатынан қаза тапты. Бексұлтан есімді азаматтың ата-анасы. Бексұлтан былтыр шаңырақ көтеріп, Салтанат  есімді аруды әулетке келін етіп түсірді. Бүгінде Сара әженің Томирис есімді тәтті шөбересі бар. Әлбетте, бұл – шаңырағымыз үшін зор қуаныш. Үлкен мәртебе.
      Анамның қолында өскен екі немересі, бір шөбересі бар. Олар – Гүлжан мен Балжан. Гүлжан – Алматы қаласындағы КИМЭП-ті инженер мамандығы бойынша бітірді. Бүгінде тұрмыста. Жолдасы Ринат екеуінің 2 ұлы, 2 қызы бар. Балжан – жоғары білімді экономист. Бір қызы бар. Алматы қаласындағы «Атамекен» зейнетақы қорының менеджері. 
      Аманат
      Әкемнің өзі бастап, жемісін көре алмай кеткен комбинаты құдды бір маған тастап кеткен аманаты тәрізді еді. Қазақта: «Аманатқа қиянат жасама» – деген бар. «Үдеден шыға алмай қаламын ба?» – деген де үрей болды. Бірақ, анамның маған артқан үміті, әкемнің сенімі екі жақтап, бауырларымның да жанымнан табылуы – өзіме медет болды. Осылайша күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан арылып, комбинаттың нәтижелі жұмысына қол жеткіздік.
      «Олжа» шаруа қожалығы мен «Меркі-Ет» ЖШС-і халал ет шығару комбинатының жұмысын қолға алғанымда, әкемнің осы істі бастайын деген сәттеріндегі қиындықтар ойыма келді. Адам айтса нанғысыз талай жай болды. Бірақ әкемнің сағы сынған жоқ. Әкеден қалыптасқан мінез де бар. Бар күшті бойға жиып, сол мінезді де ту етіп, биікті бетке алып, кірісіп кеттік. 
      Қазақ амандық сұрасқанда,  алдымен,  «Мал-жан аман ба?» – дейді. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп, күн кешкен елдің күйкі тіршілігі көпке үлгі. Отар-отар қойды, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқыны жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіріп, төрт түлікті түлете білген елдің баласы емеспіз бе?! Агросаланың тың серпін алып, биікке бағыт алуында да осы біз тәрізді жеке серіктестік, мекемелердің үлесі басым. Сол жауапкершілікті түсіне отырып, жұмыс істедік.
      Жамбыл облысында бұл іс оң нәтиже бергелі қашан?! Табиғаты қолайлы өңірлердің бірі төрт түлікті кәсіп қылсаң, қай уақытта да оң жамбасымызға шығары анық. Мемлекеттің беріп отырған қолдауы нәтижесінде мұндай шаруашылықтар қатары қалың. Асылтұқымды мал шаруашылығын да, бордақылау ісін де, сүт бағытында, қай-қайсысын алсаңыз да жетіп жатыр. Тек алдына мақсат қойып, соған талпынса болғаны.
      Біздің «Меркі-Ет» ЖШС-і ет комбинатының жұмысы  қарқынды дамып келеді. Жұмысын нық қолға алып, 2010 жылы қайта жаңғырған комбинат тек халал өнімдер дайындап, оны экспорттайды.
      Ақиқатын айту керек, қайта жаңғырту жұмыстары біздің ет комбинатының қуатты жұмыс істеп, сондай-ақ шаруалардың мал етін біздің комбинатқа тапсыруы үшін, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді. Қайсыбір кәсіп болмасын, алдымен өнім өзіңнен шыққанда ғана пайда таба аласың. Біздің ұстанымымыз – осы. Ет өндірсек, ол өзімізден шығуы керек. Отандық өнімнің сапасын солай ғана арттыра аламыз. Малды сырттан әкелсек, ол біздің қай сасқанымыз?! Әкемнің де алға қойған мақсаты сол болатын. Өзің танып-білмейтін малды алып, халыққа «халал ет» деп ұсынып отырсаң, оның халал екеніне өзіңнің де көзің жетпейді. Солай емес пе?! Сол себепті біз бастаған бастама елден оң бағасын алып жатыр.
      Кәсіпорынның қуаттылығы сол – әр ауысымда 150 ірі қара мал басы мен 1500 қой союға келеді. Жалпы көлемі – он тонна шамасында. Шұжықтың да түр-түрін шығарамыз. Соңғы есеп бойынша айтсақ, 20 түрлі шұжық өнімі, консервіленген ет, ботқа түрлері жасалып, халыққа жол тартады. Жұртшылық та үйренген. Қазір сұранысы жоғары.
      Міне, осындай жетістіктің әрбіріне шықсам да, мені қолдап тұратын – әке рухы мен анамның ақыл-парасаты. Мен оны сеземін де, түйсінемін де. Бойыма қуат беретін осы – дүниелер.
      Қазіргі таңда, Елбасы әкімдердің алдына үш негізгі міндет қойды. Оның біріншісі, салық базасын нығайту, кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Рас, салық базасының нығаюы да, қоғамдық тұрақтылық та кәсіпкерліктің дамуына байланысты. Өйткені, кәсіпкер салық төлейді, кәсібі ұлғайса, салық мөлшері артады. Халықты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық мәселесімен күреседі. Ал, жұмысы жүріп тұрған, отбасына табысын апарып тұрған жанның бос нәрсені ойлауға уақыты жоқ. «Жұмысы – жоқтық, тамағы – тоқтық,  аздырар адам баласын», – деп ғұлама Абай атамыз айтып кетпеп пе еді?! Сайып келгенде, біз осы үделердің шығуы үшін, жеке тұлға ретінде ғана емес, осы мемлекеттің бір бөлшегі ретінде сезініп жұмыс істейміз.
      Біздің комбинат тәулік бойына жұмыс істейді. Ауысымдар белгіленген. Заманауи үлгідегі құрылғыларымызды жоғарыда айтып өткендей, әкем көз жұмарының алдында 2007 жылы Германиядан әкелген, жақсы жұмыс істеп тұр. Әзір көнере қойған жоқ. Өнімдерді Қазақстаннан басқа Ресей, Қытай, Қырғызстан, Иран сияқты шет мемлекеттерге де жөнелтіп отырмыз. Мұның екінші жағы бар. Кез келген мемлекеттің экономикасына сараптама жасар болсаңыз, алдымен импорт пен экспорт көлемін анықтайсыз. Өйткені, экономикасы дамыған мемлекеттің экспорт көлемі импорттан әлдеқайда жоғары болу керек. Біздің экспортқа шығарып жатқан өнімдеріміз ел экономикасына да нық серпін сыйлап отыр. Бұл – мақтанғаным емес, бірақ елге үлесім тиіп жатқанын сезінсем, төбем көкке жеткендей қуанамын. Бұл – әр қазақтың сезінуге тиіс бақыты. 
      Қазір Елбасының «Туған жерге тағзым» шарасы жер-жерде жүргізіліп жатыр. Елбасы жақсы айтты: «Туған жерге тағзым – елден бір нәрсе дәметіп, алып кету емес, сол елдің көркеюіне өз үлесіңді қосу», – деген еді. «Өмірде байлыққа кенелу деген – дүние, тонналап ақша жинап тастау емес, тапқан пайдаңды ізгі істерге жұмсай білу», – деп ойлаймын. 
      Қай кәсіпкерді алсаңыз да, қазір қайырымдылық шараларының басы-қасында жүреді. Әйтеуір, «көмегім тисе» деп жүргендері байқалады. Мені осы нәрсе қуантады. Өмір мектебінен өзіне жетерлік дәріс алған қайсыбір азамат болмасын, мұны түсінеді деп ойлаймын. Туған жерін көркейту үшін, біреу гектарлап жер алып, алма бағын жасауда, тағы бірі халқына қол ұшын берді, енді біреу елді мекендердегі мәдениет үйі, мектеп, мешіт тәрізді үлкен орындарды жөндеуден өткізіп беріп жатыр. Әлбетте, қуанасың. Менің әкемнің аманаты да – осы кәсіпті бастап, қанша жанға жұмыс тауып беру, соны үйлестіру, әрбірінің жағдайына қарасу, осылай жағдай жасау еді. Мен  әкемнің жасаған еңбегін жалғастырып, мақсатқа жетіп келе жатырмын деп санаймын.
      Біздің өнімдерге сұраныс жоғары екенін жоғарыда атап өттім. Иран мемлекеті өндіріс орнымен тығыз қарым-қатынаста. Қызылорда облысынан Иранға күріш, қой экспортталып жатыр. Біз Иранға соңғы уақытта айына 18 тонна ет тиелген ұшақ жөнелтіп келеміз. Өнімдердің бұзылмауы, құнарын сақтай отырып, межелі жерге жеткізілуі – біздің мойнымызда. Әзірге шағым жоқ. Бізді қуантатыны – осы.
      Ирандық «халал» стандарты бойынша ет өңдейтін кешенді біздің комбинаттың базасында құрды. Зауытты Қазақстан мен Иран да қабылданған «халал» стандарттарына сай модернизациялап және қайта жабдықтады. Мамандардың бағалауынша зауытта жасалған азық-түлік осы стандарттарға сәйкес келеді. Ирандық әріптестеріміз шетелден ветеринар, ветдәрігер, зооинженер және «халал» стандарты бойынша  мал соятын мамандарды алдырып, комбинаттың қайта жөндеу жұмыстарын қадағалаумен қатар, авиакөліктермен Тараз бен Тегеран арасындағы тасымалдарды өздері жасайды.
      Мекеменің оң жамбасына сәйкес келетін  жақсы бір жобалар жасақтаймыз. Ол – әлбетте, заңдылық. Бұл сондай бір жобалардың қатарында. Ирандық әріптестер жобаға өз қаражатын құйды. Мал шаруашылығы саласында техникалық және консультативтік қолдау көрсетіп, ет өнімдерінің «халал» стандартына сәйкестігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл әріптестік біз үшін де, оларға да тиімді. Алғашқы кезеңде кәсіпорынның қуаты тәулігіне бір ауысымда 18-22 тонна ет өндіретін. Жылына 2,5 мың тонна ет жеткізу жоспарланып, 12 рет жеткізілу қарастырылған. 10 млн  долларға жасалған келісім-шарт негізінде ұсақ және ірі қара мал етін жеткізу 100 пайыздық алдын-ала төлем арқылы жүргізіледі. Комбинатта қалдықсыз өндіріс жоспарланып, шұжық өнімдерін шығару қайта қолға алынды. Негізгі өндірістің қосалқы өнімдері – ішек-қарын және терісі, аутсорсинг негізінде қайта өңделіп, ішкі және сыртқы нарықта сатылатын болады. Қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтады. 
      Бізге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге аусылдан таза аймақ мәртебесіне ие болу мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар да толастаған емес. Мамандарды шетелден тәжірибе алмасуға мекеме есебінен жіберіп тұрамыз. Өзгенің озық тәжірибесінен үлгі алып, елге келіп жұмысын жалғастырып жүрген мамандардың жұмысқа деген ынта-ықыласы мен құштарлығы басым. Жұмыстың алға жылжуы үшін,  сол ғой – керегі.
      Жыл сайын мал басын да арттырып келеміз. Ет бағытында мал өсіретін қожалығымыз үлкен сеп. Жем-шөбін өзі дайындап, қыстық қорын қамдайтын қожалық жұмысшыларын жатын жай, тамақ ішетін орын, ыстық тамақ, таза киіммен қамтамасыз етіп отырмыз. Жұмысшыларға жағдай жасамай, кәсібім алға басады деп айтуға болмас. Менің ұстанымым осындай.
      Қажыр-қайратымыз бен ерік-жігеріміздің арқасында, әкемнің ізін жалғап, еңбегін ақтап, ауыл шаруашылығын дамытуда біршама елеулі жетістіктерге жеттік. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен «Құрмет грамотасымен» марапатталдым. Елбасы марапаты – әкем Елубай Шәріпқұлұлының қаншама жыл қиындыққа мойымай, төккен тері мен еселі еңбегінің жемісі деуге болады. 2016 жылы Қазақстан Республикасы ұсынған «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісін иелендім. №15 сайлау округы бойынша, 6-шы шақырылған аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым. Ауыл шаруашылығының саласында жұмыс жасау үшін, мықты табандылық пен төзімділік қажет, жасаған еңбегіңнің нәтижесін, өнімін және жетістікке жету көңілге демеу боп, зор қуаныш ұялатады. 2015 жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесінде Қазақстан фермерлер одағының қоғамдық бірлестігінің (РОО Союз фермеров Казахстана) президенті және төрағасы А.К. Дариновтың мадақтамасы табысталды.  
      Түйін
      Ет комбинатын ашардағы зор қиындықтар болғанын жоғарыда айтып өткенмін. Сол бір күрделі жайларды еңсеру оңай болған жоқ. Жығылған үстіне жұдырық болып, әкем өмірден өтті. Шынын айтқанда, арқамнан қаққан жағдайлар көп. Бұрын Қазақстан десе, Ресей деп ұғатын шетел бұл күнде қазақты өз алдына зор мемлекет деп ұқты. Сан мәрте спортшыларымыз көк байрақты желбіретуде әлемге танылдық. Мемлекетіміз жылдан-жылға дамып келеді. Ел төңірегіндегі ахуалдардың барлығы орнықты. Мені осы нәрселер қуантады. Кәсіп бастауды нәсіп қылып, әкемнің ісін жалғап жүргенім – әкемнің салған сара жолы. Әрбір ер баланың өмірде үлгі тұтар азаматы – әке. Міне, сол себепті мен сара жолға түсіп, дара жолымды қалыптастырдым. Сол үшін де кеудемде мақтаныш сезімі лаулайды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2024 22:06
Азамат
Даурен.Ауылшаруашылығын дамытып,елге ісі тигізген улкен азамат,өз қамын ойламай жұртқа жақсылық жасап жүрген азамат....
31 марта 2024 13:36
Sholpan Kuanish
Вся эта история очень прекрасна. Гаухар Сартаевна очень сильная женщина, хорошая начальница и прекрасная мать. ...
31 марта 2024 13:24
Асема
Гаухар Сартаевна мен Алла тагалама сансыз ризамын сиздей жанмен тынысып омир атты жолымда сиздей керемет жанның...