Құтжанов Жұматай Құтжанұлы, Шәріпова Рәш

Рейтинг:



Білім беру саласының ардагері, Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі, Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», ІІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалі және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 және 65 жыл» мерекелік медальдарының иегері 

Білім беру саласының ардагері, 
Батыр ана, «Ардақты ана» атағы және І дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері 

Ұлағат пен парасаттың қос бәйтерегі

       Әркім өз мамандығының білікті маманы болса, онда қоғамға үлес қосып, ел дамуына өзінің көмегін тигізді деген сөз. Адам бойындағы алпыс екі тамырдан қан толық айналған кезде ғана дені сау болатыны секілді, бақытты да берекелі, бейбіт елде өмір сүру үшін де әр мамандықтың өз орны бар. Сондықтан: 
       «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, 
       Үлкен бақыт табу үшін ғаламда, 
       Үлкен болып қалу үшін ғаламда, 
       Үлкен арман керек екен адамға»
– деп, толымды талант, сөз шебері Мұхтар ағамыз жырлағандай, адамға үміт отын жағатын – арман. Ал арманның алғашқы баспалдағы – талап болса, оның шығар шыңы бір мамандықтың тізгінінде жатыр. Осындай ұлы мамандықтардың бірі – алыстаған сайын биіктей түсетін Хан Тәңіріндей, уақыт өткен сайын шәкірт жүрегіндегі төрді мәңгі мекендейтін жалғыз мамандық иесі болса, ол – ұстаздық. 
       Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де – шәкірт тәрбиелеуге, білім беру саласына саналы ғұмырын арнаған ұстаз, Ұлы Отан соғысының майдангері, ұлт болашағын тәрбиелеу жолында із қалдыра білген Құтжанов Жұматай Құтжанұлы мен педагогика саласында еңбек еткен жары, алтын құрсақты батыр ана – Шәріпова Рәш туралы болмақ. 
       Соғыс және еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі, Шет ауданының Құрметті азаматы Құтжанов Жұматай Құтжанұлы 1917 жылы Спасск мыс қорыту зауыты жұмысшысының отбасында дүниеге келген. 
       Қазан төңкерісінен кейін отбасы Шет ауданына келіп, ауыл шаруашылығын кәсіп етеді. Аты шулы Мешін жылы, яғни 1932 жылы аудан орталығы – Ақсу-Аюлы мекеніне көшіп келіп, балалықтың бал қызығын көрмей ерте есейіп, Ақсу колхозына Құтжан әкесімен бірге мүше болып еңбекке араласады. Он бес жасар Жұматай сол кезде ашаршылықтан тірі қалған жасөспірімдермен бірлесіп, қол еңбегімен егін салады, шөп шабады. Көптің тілегі қабыл болып, еңбектерінің жанғаны шығар, 1934 жылы егіннен мол өнім жиналды. Сол жылы жас диқан үздік орақшы атағына ие болды. Бұл – он жеті жасар еңбеккердің алғашқы жеңісі еді! 
       Көсіле жатқан даласы, тебіндеп жайылатын төрт түліктің берекелі мекеніне айналған құтты өлкеде балалық шағын өткізіп, аспанды соғыстың қара бұлты торлаған сүреңсіз жылдарға куә болған Жұматай Құтжанұлы күн мен желдің өтінде колхозда еңбек ете жүріп, 5-7 сыныпты бітірді. Көзі ашық, көкірегі ояу әкесінің «Оқы, білімді бол!» деген батасы мен таудай талабының арқасында жалын жүректі, жиырманың беліндегі жігерлі жас 1937-1940 жылдары Ақмола педагогикалық училищесін оқып бітірді. Оқып жүргенде оқушылардың комсомол, кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі қатарында болды. 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін сайлау кезінде Ақмола педучилищесінің сайлау учаскесінде үгіт пунктін басқарып, «Сталин жолы» газетінде үгітші ретіндегі еңбегі бағаланды. 
       Оқуын тәмамдаған соң, 1940 жылдың тамылжыған тамыз айында, бертінде Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп атанған аудандағы осы білімнің қарашаңырағына физика және математика пәндерінен 5–7 сыныптарға сабақ беретін мұғалім болып орналасқан жас маман білім ордасының қайнаған өміріне араласып кете барды. 
       Келер жылы жазда бүкіл әлемді дүрліктірген Ұлы Отан соғысы басталып кетті, ер мұғалімдер майданға аттанды. Жұматай Құтжанұлы отбасы жағдайына және денсаулығына байланысты уақытша елде қалып, мектеп басқарды. Бұл өте қиын уақыт еді: 8-9 сыныптар жабылып қалды, мектепте отын-судың, оқу құралдарының, жазу-сызу жабдықтарының жетіспеушілігі айқын сезілді. Өзі болса, жарғақ құлағы жастыққа тимей, табылса көлікпен, табылмаса жаяу-жалпы таяудағы колхоздарға барып, жергілікті басшылар мен ата-аналардың қолдауы мен көмегіне сүйеніп, мектепке шам, отын, сабан жеткіздіріп отырды. Хал-қадерінше мектепті бірде жылы, бірде суық күйде болса да ұстап, оқу-тәрбие жұмысын үзбей, бірқалыпты жүргізіп отырды. 
       Жаз айларында 5-7 сынып оқушыларын өзі бастап, өз колхозында немесе жақын маңдағы шаруашылықтарға апарып, шөп шабу, егін жинау, масақ теру сияқты науқандық жұмыстарға жұмылдырды. Қай жұмыс болса да, шәкірттердің ортасында өзі жүрді. Өзі бастап, бір үйдің балаларындай жамыраған оқушылар қоштап, металл сынықтарын жинады, ұсақ қол киімдерін тоқыды, тіктірді. Адал еңбек еш кетпейді ғой, 1942 жылдың қазан айында облыстық халыққа білім беру бөлімі басқарған мектепті тексеріп, нәтижесінде Жұматай Құтжанұлына алғыс жариялады. 
       Еліміздің басына қара бұлт төнген сонау жылдары, 1943 жылдың наурыз айында майданға аттанған Жұматай Құтжанұлы сол жылдың 20 наурызынан 1944 жылдың 11 қазанына дейін Тамбов әскери училищесінде офицерлік даярлықтан өтті. 
       Ол жерде де рота комсомол ұйымының хатшылығына сайланып, бұл міндетті мінсіз атқарып, әскери-саяси даярлықтан өтті және кіші офицерлік атақ алып, өзі қатарлы жас офицерлермен бірге майдан даласына аттанып, 1944 жылдың 21 қазанында, айдарынан жел ескен 27 жасында І Белорус майданының 175-дивизиясының 277-атқыштар полкының взвод командирі болып, Польша жерін босатуға және Германиядағы кескілескен ұрыстарға қатысты. 
       Оқ пен оттың ортасында жүріп, қан кешкен жауынгер 1945 жылдың ақпан айында ауыр жараланып, Ұлы Жеңістің туы желбіреген сол жылдың шілде айында аман-есен елге оралды. 
       Екі-үш ай ес жиып, сол жылдың қазан айында өз кәсібіне қайта оралған Жұматай Құтжанұлы өзінің ұстаханасына айналған Алтынсарин (ол кезде жеті жылдық) мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. Тағы да кес-кестеген қиындықтар: соғыстан кейінгі ауыр жағдай, жетіспеушілік, жөндеу көрмеген мектеп ғимараты, сынған есік-терезе, отын тапшылығы. Оған қоса, мектеп жанындағы интернатты да басқару қажет болады. Кем дегенде үш мезгіл берілетін құнарлы тамақ, жылы интернат үйі жетіспейді. Электр жарығы жоқ, қолшам бар болғанмен, оған қажет керосин кейде болады, кейде болмайды. Сәл де болса мүмкіндігі бар ата-аналардан керек-жарақ сұратуға тура келеді. Бір ғажабы – сол кезде оқу-білімге, дұрыс тәрбиеге деген ата-аналардың да, оқушылардың да ынтасы өте жоғары болатын. 
       Осылайша мектеп ісін жүйелі басқару, оқу-тәрбие процесін дұрыс ұйымдастыру, аянбай еңбек ету нәтижесінде мектептің іші-сырты жөнделді. Интернат ата-аналардың қалтқысыз көмегімен, мұғалімдер мен оқушылардың атсалысуымен ретке келтірілді. Мектептің ұйымшыл ұжымының жолға қойылған жұмысы, оқуға және тәрбиеге жасалған жақсы жағдайы жайлы 1948 жылы тамыз айында Ыбышев Жүніс «Советтік Қарағанды» газетінде жазған болатын. 
       Орда бұзар отыздағы жігерлі жігіттің іскерлігін байқаған лауазымды басшылар 1949 жылдың қыркүйегінде Жұматай Құтжановты аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындайды. Осы уақытта ол Қарағандыдағы Молотов атындағы Мемлекеттік оқытушылар институтын бітіріп, Ақбұлақ, Шет, Жарық, Нұраталды, Айғыржал және басқа да бастауыш мектептердің оқу ісінің материалдық-техникалық базасының нығаюына ерекше күш салды. 
       Негізгі қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласты. Соның нәтижесінде аудандық Кеңестің депутаты болып сайланып, Кеңес Президиумының мүшесі атанды. Сондай-ақ облыстық және аудандық халық сотының заседателі болып, адам тағдыры қаралатын істерге қатысып, әділ шешім қабылдауға өз үлесін қосты. 
       Көзкөргендердің айтуынша, Жұматай Құтжанов қызметке араласқан кезден бастап-ақ «Тура биде туған жоқ» деген принципті ұстанған азамат болған. Ол әрдайым тек жетістіктермен ғана шектелмей, «Әрине, кемшіліктер де болды» деп орын алған олқылықтарды да ашық айтып, сын тезіне салып отырған. 
       1952 жылдың тамызы мен 1977 жылдың қыркүйегі аралығында, аттай ширек ғасыр бойы Алтынсарин мектебінде үздіксіз математика пәнінен мұғалім болған Жұматай Құтжанұлы аламанда топ жарар сәйгүлікті құлын күнінде баптағандай, ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар мен өз ісінің білікті мамандарын даярлауға саналы ғұмырын арнады. 
       Мектепте қолына қалам ұстатып, өмір атты үлкен теңіздің жағалауынан кемеге отырғызып аттандырған шәкірттердің толыққанды білім алып шығуы үшін аянбай еңбек етті. Әр шәкірт – өзінше бір әлем, ішкі жан дүниесіне үңіле білсең, дариядай ақтарылатын, мөлдірлігі мен ерекше қабілеттері бар, бір-біріне ұқсамайтын жалынды жастар. 
       «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастарға сенім жүгін арта білген ұстаз қоғамдық өмірге де белсене араласып, білім саласының дамуына зор үлес қосты. 
       Өмірінің қырық жылын табан аудармай бір мектепте жас ұрпаққа білім беру ісіне арнаған Жұматай Құтжанұлы күнделікті оқу-тәрбие жұмысымен шектелмей, партия, кеңес, қоғамдық ұйымдардың жұмыстарына да уақыт тауып, үлкен жиындарда, жергілікті атқарушы органдарда мектеп ұжымының талап-тілектерін әділ түрде жеткізіп отырды. Жігерлі де тиянақты істерінің жемісін көпшілікпен бірге көрді. 
       Кеңшарды көгалдандыру, су жүйесін жүргізу, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелеріне өз құзыреті шегінде белсене атсалысты. Қазір айтсақ – тарих, шын мәнінде күні кеше болғандай, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде оқушылар бригадасын басқарып, жүгеріден мол өнім алған сәттері әлі де ел есінде. 
       Электр, телефон жүйелерін жүргізу барысында жер қазып, бағана тұрғызуға да тікелей қатысты. Осы еңбектерінің нәтижесінде ол екі рет "Тың игеру" медалімен марапатталды. 
       – Жұматай Құтжанов – ғасыр жасаған тұлға. Математик болғандықтан ба, есте сақтау қабілетінің кереметтігі замандастары мен шәкірттері арасында жыр болып айтылатын. Ол шәкірттерінің аты-жөнін, қай ауылдан екенін, кейбір қылықтарын әңгімелеп отыратын және соған шын мәнінде рахаттанатын. Ол шәкірттері, жоғарыда айтқанымыздай, әр кезеңде лауазымды қызметтер атқарып, мектеп-интернатқа өз көмектерін көрсетіп жүрді. 
       Шет ауданындағы білімнің қара шаңырағы – Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі өткен ғасырдың 1931 жылы жеті жылдық мектеп негізінде құрылған. Бұл мектептен Пәну Әбдіқасова, академиктер Баян Рақышев, Жамбыл Ақылбаев, жазушылар Кәмел 
       Жүністегі, Рымқұл Сүлейменов, шаруашылық басшылары, партия және кеңес қызметкерлері Сәтбек Дулатбеков, Қасымбек Медиев, Жолдыбек Күлейменов, Еден Кенжин, Зекен Ізбасаров, Боранбай Жүмкин сынды азаматтар оқып, үлкен өмірге қанат қақты. 
       Жүз жасаған мәуелі бәйтеректей әлеуетті әулет атасы, ұлағатты ұстаз Жұматай Құтжанов ақсақал осы алтын ұядан түлеп ұшқан шәкірттерінің бүгінде егемен еліміздің халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп, өзіндік үлестерін қосып жатқанын, олардың дұрыс бағыт алып, үлкен өмірден өз орындарын тапқанын менің де үлесім бар ғой деп шын жүректен қуанып, риясыз көңілмен мақтанатынын айтады. «Жасым жүзге жеткенмен, жақсы дәрежеде жүргеніме, жұлдызымның жанып, еңбегімнің еленгеніне ризашылық білдіріп отырамын, Алла тілегімді қабыл ете гөр, – деп жазылған біздің қолымызға тиген естелік жазбада. 
       Оның қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Сонымен қатар, майдан даласындағы ерлігі мен көпжылдық еңбегі бағаланып, Білім министрлігінің, облыстық білім департаментінің, аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталған. 
       Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, білім саласының дамуына арнаған тұғыры биік тұлғаның мерейін өсірген марапаттарына кезек берсек: 
       •    Үлкен қалаларды жау қыспағынан алуда взвод жауынгерлерімен бірге көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалі; 
       •    І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені; 
       •    ІІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» ордені; 
       •    1966 жылы білім беру саласында адал еңбек еткені, қоғамдық жұмысқа белсенді әрі іскерлікпен қатысқаны үшін Үкіметтің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды; 
       •    1987 жылы «Шет ауданының Құрметті азаматы» атағы; 
       •    1995 және 2010 жылдары «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 және 65 жыл» мерекелік медальдары; 
       •    «Ұлы Жеңістің 50 жылдығы» мерейтойына орай Жезқазған облысы әкімінің Грамотасы; 
       •    1996 жылы «Г.К.Жуков медалі»; 
       •    «ҚазКСР ағарту ісінің үздігі» атағы; 
       •    Жастарға отансүйгіштік тәрбие беру ісіне үзбей әрі белсенді қатысқаны, ауданның даму тарихын, экономикалық-мәдени дамуына қосқан жеке үлесі және қалың бұқараға өмірден озған айтулы азаматтардың ісі мен есімін насихаттап жүргені үшін аудан әкімі мен ардагерлер ұйымының ұсынысымен 1987 жылы «Шет ауданының Құрметті азаматы» атағын алды; 
       •    1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды; 
       •    Қарағанды облысының 60 және 65 жылдық мерейтойларына Алғыс хаттар берілді; 
       •    2005 жылы «Тыңға 50 жыл» медалі; 
       •    2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалі; 
       •    2010 жылы «Беларусь Республикасының неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 65 жыл» мерекелік медалі; 
       •    2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Грамотасымен марапатталды. 
       2017 жылы 100 жас мерейтойына арнап, абыз ақсақалға, бірегей мерейгерге «Білімнің бұтақ жайған бәйтерегі» деген өлеңді арнады:  Мәуелі бау-бақшасы Жұмекеңнің, 
Көресің Тәңір қолдап, Күн өпкенін. 
Өмір бойы болашақтың бағбаны боп, 
Біледі үлкен-кіші гүл еккенін. 
Көз көрген замандасы алғыр деді, 
Шешіпті мәселені сан күрделі. 
Елгезек ізбасары – бұтақтары, 
Жап-жасыл жапырағы – шәкірттері, – деп ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Түрксой-дың «Ұлы Түрік қыраны» медалінің иегері Сәбит Қыдырбайұлы Бексейітов «Мәуелі бәйтерек» атты тарту кітабында жырлаған. 
       Ағарту саласында еңбек еткен Жұматай Құтжанұлы отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке бола білді. Жұматай Құтжановтың бақыты сонда – немере, шөбере, тіпті неменесін көрген адам. Бұндай бақытқа кемде-кем адамдар ғана жетеді. Жары, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз Рәш Шәріпова екеуі 10 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған отбасы. 
       «Белестерді бағындырып, әрбір жетістікке жеткен адамдардың артында жарының адалдығы тұрады» демекші, Рәш Шәріпова 1927 жылы Қарағанды облысы, Қарағанды қаласында дүниеге келді. Тарихқа үңіліп, таным көзіңді жіберсең, қазақ даласының төсін тұлпарының тұяғымен кезген, аузы дуалы аталарымыздың, батырларымыз бен баһадүрлеріміздің кіндік қаны тамған қасиетті топырақта өсіп-өніп, өткен ғасырдың басында тарих парағына қара әріптермен жазылып қалған нәубетке толы жылдарды басынан өткерді. 
       1945 жылы Қарағанды мұғалімдер институтын бітіріп шыққан соң алғашқы еңбек жолын Ақбауыр мектебінде бастап, 1946-1977 жылдары аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып ұстаздық етіп, құрметті зейнет демалысына шықты. Білім беру және ұрпақ тәрбиесі саласындағы еңбегі еленіп, түрлі деңгейдегі білім бөлімі мен басқармаларының грамоталарымен марапатталған Рәш Шәріпова дүниеге он бала әкеліп, тәрбиелегені үшін де Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1965 жылғы 26 шілдесіндегі жарлығымен І дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 
       1967 жылғы 19 маусымдағы жарлығымен «Ардақты ана» атағына ие болды. Сонымен қатар, 1993 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алды. 
       Өмірге он бала әкеліп, қаншама шәкірттің сауатын ашып, өмір баспалдағына шығарған Рәш Шәріпованың еңбегі тәуелсіздіктің арқасында еленді. Қазақстан Республикасы Президентінен арнайы «Алғыс хат» Ақордадан келді. Бұл марапат ұзақ жылғы еңбегінің жемісі болды. 
       Атам қазақ «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» дейді. Осы аталы сөзге ұйыған Жұматай ақсақалдың әулеті «Өткенге – салауат, бүгінге – қанағат, ертеңге – аманат» деп отыр. Бекерді бекерге шығарып, өткен тарихты белден бір сызып тастап отырған жоқ. Атасы бастаған істі балалары, балалары жалғастырған істі немерелері мен шөберелері ілгері қарай, керемет те кемел келешекке аманат етіп апара жатыр... 
       Қос кейіпкеріміздің ұрпақтарына келер болсақ. 
       Тұңғышы Есентай – Қарағанды политехникалық институтын бітірген білікті маман. 
       Саран, Қарағайлы, Қарағанды қаласында автокөлік мекемелерінің бастығы болып қызмет атқарды. Қарағайлы кентінде әкім болып біраз жыл еңбек етті. Көп жылғы тәжірибесі мен біліктілігін бағалап «Центргеологиясъемка» басшылығы автотранспорт бөліміне басшылық қызметке шақыртылды. Зейнетке шықса да, осы салада өмірінің соңына дейін еңбек етті. Жары 
       Несібелді – жоғары білімді ұстаз, көп жылдар мектепте, Саран педагогикалық училищесінде жемісті еңбек етті. Өскен орта, ұшқан ұядан алған тәлім-тәрбие Есентай мен Несібелді шаңырағында жылылық пен ауызбіршілікті, бір-біріне деген құрметті сақтауға ұйтқы болды. 
       Есентай мен Несібелді Нұрлан, Айгүл, Ерлан есімді балаларын аяқтандырып, шөберелерінің қылықтарын қызықтап отырған жайлары бар. Айгүл экономика саласында басшы қызметте, Ерлан болса полиция полковнигі шенінде зейнетке шықты. Нұрланның баласы Марат Есентай атасына тартып, күреспен айналысып, өз алдына күрес мектебін ашып, жас жеткіншектерді күрес спортына дайындап жүр. 
       Қыздарының үлкені Шолпан – ата-анасының жолын қуып, әкесінің ізімен математика пәнінен зейнетке шыққанша ұстаздық қызмет атқарды. Ол – «Оқу-ағарту ісінің үздігі», «Шет ауданы білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері. Жолдасы Марал Момышұлы ұзақ жылдар бойы жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің, сондай-ақ орта мектептің директоры қызметін атқарған. Жоғары санаттағы ұстаз ретіндегі еңбегі бағаланып, Республикалық мұғалімдердің III съезіне қатысып, әріптестерімен тәжірибе бөлісті. 
       Марал мен Шолпан Сәуле, Зәуре, Гүлден, Ержан, Сержан есімді балаларын тәрбиелеп өсірді. Олар – жоғары білімді азаматтар, әр салада жемісті еңбек етіп, басшы лауазымдарда қызмет атқарып жүр. Қазіргі уақытта Шолпан мен Марал немерелерін қызықтап, сүйікті ата-әже болып отыр. 
       Айкен – Мәскеу технологиялық институтын бітіріп, осы қалада кандидаттық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атағын алды. Жамбыл технологиялық институтында бірқатар жыл еңбек етті. Кейін Алматы технологиялық университетінде кафедра меңгерушісі болып, өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. Профессор атағын иеленген. 2011 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамыту саласындағы көптеген ғылыми жобалары өндіріс орындарында қолдау тауып, іске асырылды. Жаңа материалдарды алуға байланысты бірнеше инновациялық патенттері мен республикалық деңгейде тіркелген өнертабыстары бар. Жолдасы Болат Базылұлы – әскери қызмет ардагері, зейнеткер. Балалары – Ғалымжан мен Мариямгүл магистрлік академиялық дәрежелері бар, жоғары білімді мамандар. 
       Күлпан – Қарағанды медицина училищесін бітіріп, медбике болып еңбек жолын бастады. Жолдасы Бейсентай Ильясұлы көп жылдар полиция қызметінде жұмыс істеп, Шет аудандық полиция бөлімін басқарды. «Нұр Отан» партиясының саясатын халыққа жеткізіп, жүзеге асуына үлес қосып, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Шет ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы қызметтерін атқарды. Балалары Айнұр мен Бахтияр – жоғары білімді заңгерлер, отбасылы, ел игілігі үшін абыроймен еңбек етуде. 
       Құндыз – Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Жәйрем кен-байыту комбинатында химиялық зертхананың бастығы болып ұзақ жылдар қызмет атқарды. Жолдасы Болат Сқақұлы – кен инженері, аталған кәсіпорында сапа жөніндегі директордың орынбасары болып жұмыс істеген, қазіргі таңда зейнеткер. Құндыз бен Болат Әлібек пен Айгерім есімді балаларын тәрбиелеп өсірді. Әлібек – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің, Айгерім – Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Екеуі де өз отбасыларын құрып, мамандықтары бойынша еңбек етуде. 
       Әсия – Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, Қарағанды қаласында мамандығы бойынша көп жылдар «Геоаналит» орталық зертханасында инженер болып қызмет етіп жүр. 
       Әлия – Целиноград ауыл шаруашылық институтын бітіріп, өзі таңдаған «мал дәрігері» мамандығы бойынша зейнеткерлікке дейін үздіксіз еңбек етті. Жолдасы Серік Дүйсенбайұлы – жоғары білімді құрылысшы. Шет ауданында құрылыс саласын басқарып, ауданды сәулеттендіруде үлесін қосқан азамат. Әлия мен Серік Жұлдызай, Салтанат, Асылжан атты балаларын тәрбиелеп, өсірді. Олардың әрқайсысы жоғары техникалық білім алды. Жұлдызай – орталық органда, Салтанат – IT-компаниясында еңбек етіп жүр. 
       Кенжегүл – Балқаш медициналық училищесін бітіріп, Шет ауданының орталық ауруханасында көп жыл еңбек етті, қазіргі таңда зейнеткер. Ол мол тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында әулеттің отбасылық дәрігері болып, ата-анасы сырқаттанған сәттерде әрдайым жанынан табылып, тәуліктің 24 сағатында көз ілмей қызмет ететін аяулы қыздарының бірі болды. Әкесі: «Менің ғұмырымды ұзартып, сырқаттансам емдеп алып жүрген, қолының шипасы жаныма қуат беретін қыздарымның бірегейі», – деп батасын беріп отыратын. Еңбек ете жүріп, балалары Аида мен Айболды тәрбиелеп, азамат етіп өсірді. Аида – медбикелік мамандық иесі, ал Айбол Қарағанды заң институтын бітіріп, тергеуші қызметін атқарды. Қазіргі кезде Қарағанды облысының адвокаттар алқасында адвокат болып жұмыс істейді. Кенжегүл – немере-жиендерінің сүйікті әжесі. 
       Серік – мал дәрігері мамандығы бойынша еңбек жолын бастап, қазіргі таңда аудандық орман шаруашылығын басқарып отыр. Жұбайы Сәулемен бірге Бекжан, Қайыржан, Әлімжан атты балаларын тәрбиелеп өсірді. Сәуле – аудандық балабақшаның меңгерушісі. Бекжан Қарағанды заң институтын бітіріп, Қарағанды облысының полиция департаментінде басшылық қызмет атқаруда. Қайыржан – Шет ауданының байланыс мекемесін басқарған, ал Әлімжан жоғары техникалық білім алып, еңбек етуде. Серік пен Сәуле қара шаңырақта немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. 
       Айжан – Жамбыл технологиялық институты мен Қарағанды мемлекеттік экономикалық университетін бітіріп, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүр. Жолдасы Қайрат Сыздықұлы – Қарағанды милиция жоғары мектебін бітіріп, ішкі істер саласында жемісті еңбек еткен. 
       Қарағанды мен Қостанай облыстық ішкі істер департаменттері бастығының орынбасары, ҚР Ішкі істер министрлігінің Заң департаментін басқарған. Полиция полковнигі, «Құрмет» орденінің иегері. Қыздары Айгерім – Астана қаласында Әділет министрлігінде басқарма басшысы қызметін атқаруда. 
       Жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусар бұлағынан сусындатып, жүрегінің жылуын, нұрлы ақылы мен ыстық қайратын, телегей-теңіз білімін аяулы да қымбатты шәкірттеріне, өзі туып-өскен еліне арнаған бірегей тұлға, ұлағатты ұстаз Жұматай Құтжанұлы мен Рәш Шәріпованың ғибратты ғұмыры – үлгі-өнеге. 
       «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұстанымды өзіне ту еткен, мектебінде сүйікті ұстаз болған бұл ұлағат иелерінің есімі мен еңбегі ел есінде мәңгілік сақталары сөзсіз. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...